National Geographic QAZaqstan материалынан, 01 Маусым, 2023
МАҢ ДАЛА, МАҢҒАЗ МЕКЕН
Photo by Farhat Kabdykairov
Қыдыр қонып, бақ дарыған, абыздар мен әулиелердің отаны болған маңғаз мекен, маң дала – киелі Маңғыстаудың қойнауы ғажапқа толы. Оның бар қазақ қастер тұтқан әулиелі орындарын айтпағанда, әлемнің ешбір жеріне ұқсамайтын тылсым дүниедей ғажайып келбеті, жұмбақ сырға толы қайталанбас пейзажы көрген жанға айрықша әсер беріп, қиялын қияға жетелейді, тамсандырады, ойландырады. Қай мекенін алсаңыз да отандық һәм шетелдік туристер үшін тартымды. Сондықтан біз қасиет тұнған осынау қазыналы өлкені әлемге кеңірек таныта түсуді мақсат тұтып, арнаулы айдарымызда айшықты нысандарын кезек-кезегімен жариялап тұруды жөн көріп отырмыз. Алғашқы материалымыз Тұзбайыр туралы.
Тұзбайыр
Фото: Фархат Қабдықайыров
Ғалымдардың айтуынша, 250 миллион жыл бұрын бүгінгі Маңғыстау Лавразия мен Гондвана суперконтиненттерінің арасын алып жатқан Тетис мұхитының табаны болған. Бұған осы алқапта ара-тұра табылып жататын акулалардың қаңқасы мен тістері дәлел. Кейін тартылып қалған судың орнында жел мен жаңбыр мүжіп, мінсіз мүсіндеген борлы жартастар, құздар мен ойпаттар түзілді. Жұмсақ жыныстар шайылып үстірт, шатқалдар және жыралармен бірге Тұзбайыр соры да пайда болған деседі.

Полковник Ф.Бергтің 1825 жылғы Орталық Азияға жасаған экспедициясының жолбасшысы болған Қ.Тигеновтің берген дерегіне қарағанда, Әмудария арнасы ежелгі Үзбай (Өзбай) өзені арнасымен келіп, Оңтүстік Үстіртті жиектеп отырып, Тұзбайыр арқылы Каспийге құйған.

Бүгінде Тұзбайырда теңіз тіршілігінің тынысы білінбегенімен, шөлді аймаққа тән флора мен фауна өкілдері кездеседі. Мұнда өсімдіктердің эндемик түрлері: сортаң бұйырғын, рихтер сораңы, Үстірт астрагалы, сеңгірлексондай-ақ сирек өсімдіктер: қара сексеуіл, түрікмен түйетабаны өседі. Ал жан-жануарлардан дала қыраны, бүркіт, сұңқар, қарабауыр бұлдырық, жапалақ, сабаншы, ақбөкен, қарақұйрық, қара кірпі мекен етеді.
Бүгінде Тұзбайырда теңіз тіршілігінің тынысы білінбегенімен, шөлді аймаққа тән флора мен фауна өкілдері кездеседі.
Фото: Фархат Қабдықайыров
Тұзбайыр соры Ақтаудан 250 шақырым қашықта орналасқан. Бағдардың басым бөлігі тасжолмен өтеді. Егер сорға қарай төменге түсуді жоспарламай, Тұзбайырдың көркем көріністерін жоғарыдан ғана тамашаламақ болсаңыз, көлік ретінде кез келген кроссоверді таңдауға болады. 243-ші шақырымда Ақтау–Бейнеу тасжолынан түсіп, тегістелген қара жолмен құздың қиырына Үстірттің батыс сілеміне жетуіңіз керек.

Осы жерден құз-жартастың үстінде тұрып, қиырға көз салсаңыз, табиғат тамаша үндестірген үш түстің – бура бұлттар мен ақ сордың көк аспан мен сарышағыл топырақпен үйлесіміне куә боласыз. Айнала жарықтар, жартастар мен жыралар. Мұнда көл бетіндегі бұлт көші мен аңызақ желден өзге тіршілік сипаты жоқ секілденеді. Уақыт тоқтап қалғандай. Ақ жартастарға түрлі өрнек салып, оларды мүсіндеген жел – бұл мекеннің басты суретшісі.

Маната тарихи дөңінен оңтүстікке қарай 10 шақырым жерде жатқан сортаң көлдің көрінісі мезгіл мен маусымға байланысты әртүрлі көрінеді. Күндіз көз шағылыстырар ақ сор кешке батып бара жатқан күннің шапағына шомылып, айналаны қызыл түске бояйды. Алдыңда ақ күмістей жарқырап жататын алты шақырымдық алаңқай жаңбырлы күндері айнадай мөлдір көлге, ал жер танабы қуырылған аптапты ыстық мезгілде аппақ тұзды аумаққа айналады.

Жазда оның беткі қабаты айтарлықтай қатты болғандықтан, әлгінде айтқанымыздай көл бетінде жаяу жүре аласыз. Бірақ абайлағаныңыз жөн, беті сыр бермегенімен, астыңғы қабаты түбіне тартатын сор-балшық болуы мүмкін. Сондықтан, маң даланың осы бір ғажайып пейзажында із қалдырмай, жағасынан-ақ көз сүйінткеніңіз нәзік табиғат үшін де, өзіңіз үшін ең дұрысы болар.
Фото: Фархат Қабдықайыров
Үстірт пен Тұзбайыр сапарын сәуірдің екінші жартысы мен мамыр айларына жоспарлаған жөн. Бұл кезеңде дала көгеріп, күн райы жанға жайлы қоңыр салқын болып тұрады. Жаздыгүні ауа температурасы +45 градусқа дейін көтеріледі. Күн қызуы қайтатын күз мезгілі де саяхатқа қолайлы маусым. Әйтсе де дала бояулары көктемдегідей қанық болмауы мүмкін.
Маңғыстау туралы қызықты материалдар біздің блогта