Маңғышлақ атауының шығуы.
МАҚАЛА АВТОРЫ: АЛҚАЖАН ЕДІЛХАН, ӨЛКЕТАНУШЫ.
Архивтерге, ескі карталарға қарағанда Маңғышлақ деп әуелде тек бір ғана жерді – ертеде кеме тоқтайтын айлағы болған бүгінгі Қарақауақ аңғарының ауызын айтқанға ұқсайды. Бирунидің еңбегіне Бингишлак делініп енген биіктегі берік қамал да осында. Бірден бір қолайлы айлақ болғандықтан бүкіл өңірдің атауына айналғанға келеді, кейінерек тіпті Маңғышлақ қаласы аталып та кеткен шығар. Ол айлақтың сипатын Карелин жазды, орынын Андрей мен Мұрат анықтады.

Шынында да Қарақауақ қос алақаннан жасалған терең де жылы ұя сияқты, жан-жағы қар кескен ернектер («Қар кескен» деп шалдар үстінде қар жауып тұрғанда астына жаңбыр болып түсетін қабақтарды, мысалы, Ата мен қарсы Жабайұшқан тауларының арасын айтады екен), нағыз кәрі қойды қыстататын жер.
Мынау Жәкең айтып отырған Махмұт Қашқаридің картасы, Маңғышлақ атауының тұңғыш рет ғылыми еңбекте аталып, тасқа басылуы (Мұның алдында өлкеміз Истахридің картасына енген, тек Қаратау атауымен). Бұрынғы әкіміміз Ералы Тоқжанов мырзаның айтып жүрген мыңжылдығы осылар. Менде қолдаймын мұны, өлке өткенін пайымдауға арналған әрбір қадам біз үшін тек қана пайда әкеледі.

Ал маң сөзін қазақтар Қашқари айтқан мағынада пайдаланған болуы керек. Өйткені бізде мен білетін үш жерде Маңсуалмас деген мекендер бар, біреуі Қаңға бабаның күнбатысында, келесісі Манатаның оңтүстік-шығысындағы ернектің үстінде, ескелді Жұлдызбайдың күмбезінің айналасы, соңғысы Есеттің тауында. Үшеуі де биікте, қысы ызғырық, бірақ жазы салқын, бұлағы мол, қатаңдық болғанымен жайылыссыз да емес. Қозысын айырған кәрі саулықты күзге дейін саууға мүмкіндік беретін жерлер болуы керек. Аталу мәнері де қазақилыққа келеді, мысалы, Жел тимес, Барса келмес, т.с.с.
Маңғыстау туралы ең қызықты ақпараттар біздің блогта