Маңғыстау Алыптары
БЕСЕН БАТЫР
Материал авторы – Нұрғазиев Арман Абайұлы
БЕСЕН БАТЫР
(шамамен 1795-1860 жылдар арасында өмір сүрді)
Қыдырәлі атаның сегіз балалары
Бұл естелік әңгімеде руы Құлбаласы Қыдырәлі ұлы – Бесен атадан тараған ұрпақтары жайлы болмақ. Көптеген мәліметтердің ұмытыла басталуына байланысты басқа ағайындарымыз туралы толық мәліметтің аздығынан бұл кітапқа енбей қалды.
Ел арасындағы әңгімелерге қарағанда жауынгер Кіші Жүз рулары Алатаудан Батысқа келгенде Еділ-Жайық аралығын қоныстанған екен. XVIII ғасырдың аяғына таяу Адайлар Маңғыстаудың ойына құлап бастайды да, қоныс пен суды иемдену жөнінде кеңес құрып сөз байласады. Бұл кеңеске әр рудан және әр атадан өкілдер қатынасады. Әркім өздері кездескен шыңырау мен бұлаққа өз белгілерін салады, біреудің белгілеген жеріне басқа адам қол сұқпайды деп келіседі және ол кезде біреуге біреу қиянат жасамайды. Әр ру басылары қоныстанатын лайықты жер қарағанда, Құлбаласы Қыдырәлі атамыз өзіне қарасты ауылын соңынан ертіп, Қаратаудың шығыс терістігін жағалай жүріп, Шайыр жеріне 1770-ші жылдары келеді. Сол жерде тау бауырайынан бұрқырап ағып жатқан бұлақты көріп, "мынау бір айнымайтын су екен" деп осы бұлақты иеленіпті. Кейін сол бұлақ "Тартпа көз" атанып кетеді. Жалпы Қыдырәлі атамыз өзінің сегіз баласын екеу-екеуден еншілес қылып, олар төрт ауыл болып отырған дейді. Соның ішінде Бесен мен Ырысәлі еншілес бір ауыл екен. Қыдырәлінің қалған балалары: Мүсірәлі мен Досан, Қожаәлі мен Қосыбай, Ораз бен Дәулет және Бердәлі, Серәлі, Бегеш ауылдары болып Шайырды мекендеген. Осы Шайырдағы "Қожахмет қуысы", "Қарабас", "Кәді" және "Аққорған" жерлері – Қыдырәліұлы Бесен ұрпақтарының қоныстары.

Бесен батыр
Қыдырәлінің туылған кезі 1750-ші жылдар шамасы болса, Бесен 1790-шы жылдары дүниеге келген. XVIII ғасырдың екінші жартысы мен XIX ғасырдың бірінші жартысында Адай тайпаларының Хиуа хандығымен, Еділ қалмақтарымен және Түрікмендермен жаугершілікте болған заманы. Бесен осы Қалмақтармен, Хиуалықтармен одан кейін "Мұз қырғыны" оқиғасында Әлімдермен болған соғыстарда батырлық атаққа ие болған.
Бейбіт уақытта Бесен өзінің көк теке атын Аққорған тауына мінгізіп, секіртіп ойнатып, шыдамдылық пен төзімділікке дайындайды екен. Жорыққа бара жатқанда, ағасы Ырысәліден бата алып аттанады екен. Ағасы: "Бесенжан, құдай қайда?" – дейтін көрінеді. Сонда Бесен: "Құдай ойымда, Құран қойнымда" – дейді. "Ал, онда жолың болсын!" – деп ағасы қала береді екен.
Елі мен жерін қорғаған Бесен батырға арналған мынадай жыр жолдары бар:
Ішінде жүз жебенің бірі сыйлы,
Сый жебе мыңнан бірге таңдап тиді,
Ішінде бес кісінің батыры Бесен болса,
Астында көк теке аты есен болса,
Тарттырар талайына ыңқыл күйді!
Бесеннің бес тентегі
Бесеннің балалары: Жапар, Әбен, Балта, Бернияз, Тағанияз, Қалнияз. Бұлар ел ішінде "Бесеннің бес тентегі" деген атаққа ие, тек Жапар деген баласы қалғандарына қарағанда жуастау болған көрінеді. Тентек аталғанмен олар "дұрыс тентек" болған. Бесен балаларына осы тентектік қасиет олардың нағашы ауылы Алаша руынан келген мінез болуы керек деп тумаластары айтып кеткен. Әкеден балаға өткен батырлық қасиеті де осы өзінен тараған ұрпақтарына күні бүгінге дейін байқалады. Оған мысал ретінде, тарихи деректер бойынша Маңғыстаудағы 1870 жылғы Иса-Досан бастаған шаруалар көтерілісінде Үшауызда Рукин әскерлерін ойсыратуға Шайырдан Құлбаласы ұрпақтарынан тоғыз батыр аттанады екен. Осы тоғыз батырдың бесеуі – Бесен балалары. Одан кейін 1931-ші жылғы Адай көтерілісі кезінде де Бесеннен тараған ұрпақтары қол бастап, Форт-Александровск қаласында болған соғыс ошақтарына қатысқан.
Орынбор архивінде зерттеу кезінде табылған деректерде арабша жазылған құжаттардан Нұрлан Құлбайдың аударуы бойынша:
«1836 жылы Ақбота Тасболатұлы Олжабай және Бектасұлы Жаңаберген, Бисен деген азаматтар болып, Зорбай тайпасы: руы Өтеғұл Шақаұлы Бектау мен руы Құлбаласы Қыдырәліұлы Бесен және руы Кердері (Шегем) Ханкелдіұлы Шақту болып үш орысты сатып алдық. Адай руы Түрікменадай Жылқайдардан және руы Құнанорыс Сабақтан босатып алған үш орыстарымызды Қызылтастағы орыс әскери бекінісінің комендантына тапсырдық» деген мәліметтер оқып келтіреді (6-қор, 10-тізбе, 4512-іс)
Бесен ата шежіресі
Бесен ата баласы Тағанияз шежіресі
2017-ші жылы Бесен атадан тараған ұрпақтары жиналып, рулық Кәді қауымында Бесен батырға арнап тұрпат ескерткішін орнатты.
Бесен батыр ескерткіші. Кәді қорымы, Шайыр ауылы.
Атаның ерлігін артындағы ұрпаққа үлгі еткен Бесен батыр ұрпақтары бүгінде бірлігі жарасқан бауырлар. Әрдайым бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған олар ұрпақтар сабақтастығына сызат түсірмей келеді. Атаулы күнді алқалы жиынға ұластыртын ұрпақ жыл сайын бас қосып, туысқандық байланыстарын нықтап келеді...
Маңғыстау туралы қызықты материалдар біздің блогта.
Сіз "Турист" ЖШС туроператорының "Мәңгілік перденің артында" экскурсиясында және "Маңғыстау ғажайыптары"екі күндік турында осы қасиетті орындардың рухына тағзым ете аласыз